Аймақтар • 19 Наурыз, 2018

Абай қаласында жаңа бассейн пайдалануға берілді

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былғары қолғап шеберлерінің құтты ұясы болған Абай қала­сын­да заманауи үлгідегі бассейн пайдалануға берілді. Спорттық ны­санның салтанатты ашылуын­да облыс әкімінің орынбасары Се­рік Шайдаров сөз сөйлеп, қа­ла тұр­ғындарына құтты болсын айтты.

Абай қаласында жаңа бассейн пайдалануға берілді

Жаңа бассейн суды жылы­та­тын және тазартатын заманауи тех­нологиялық құрал-жаб­дық­пен қамтамасыз етілген. Бар­лық стан­дарттарға сай етіліп жа­сал­ған бассейннің ұзындығы 25 ме­трді, ені 11 метрді құрайды. Мұнда бір мезгілде 50-ге тарта адам қатар жүзе алады.

Қазіргі таңда бұл жерде 25 адам еңбек етеді. Бассейннен бөлек, ғимаратта жаттығу және тен­нис залдары, демалыс орны, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасы көтеретін деңгейде.

Абайлықтарды қуанышқа бөлеген бұл спорттық кешеннің құры­лысына облыстық және ау­дан­дық бюджеттен 430 млн тең­ге жұмсалды. Бассейн құры­лы­сын мердігер компания «Нала­доч­ный центр Темиртау» ЖШС жүр­гізіп, сапалы етіп бітірген.

Айта кету керек, бұл ғи­ма­рат­тың бой көтеруіне аудан­дық ардагерлер ұйымы мен ақса­қалдар кеңесінің Елбасының атына жазған хаты себепші болған еді. Соның арқасында 2014 жы­лы спорт кешенінің жобалау-сме­талық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары жүр­гізіле бастаған болатын.

Жалпы, Абай ауданында бұқа­ралық спортты дамытуға, сала­матты өмір салтын қалып­тас­тыруға айрықша көңіл бөлі­неді. Мұнда тұрғындардың спорт­пен шұғылдануы үшін бар­лық жағдай жасалған деуге бола­ды. Ауданның спорттағы жетіс­тіктері де ауыз толтырып ай­тарлықтай. Мысалы, абай­лық спортшылар облыс көле­мін­дегі спартакиада жарыстарын­да үнемі үздік үштіктің ішінде жүреді. Сондай-ақ осы ау­дан­дағы спорт мектебінің түлек­тері халықаралық аренада Қазақ­стан­ның намысын лайықты қор­ғап, толайым табыстарға қол жет­­кізген. Атап айтар болсақ, Серік Нұрқазов, Серік Сәпиев, Абы­лай­хан Жүсіпов және басқа да спорт саңлақтардың Абай бокс мек­тебінің жақсы атын айдай әлемге жайғаны тарихи шындық.

«Ауданда спортқа деген көз­қарас ерекше. Саламатты өмір сал­тын ұстанған тұрғын­да­ры­мыз­ға қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға тырысамыз. Ке­ле­­шекте 320 орындық денешы­нық­­тыру-сауықтыру кешенін салу жоспарда бар», дейді Абай ау­­­да­нының әкімі Бауыржан Аса­нов.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Абай ауданы